Омыраумен емізудің маңызы

9982Баланың ерте жасынан қалыптасуы, оның психоэмоциялық жетілуі және ақыл-ойының дамуы, болашақта денсаулығының мықты болуы оның  неонаталдық мерзімде және өмірінің алғашқы екі жылының барысында қалай тамақтанғанына тығыз байланысты болады. Бала үшін, қазір де, бұрын соңды да, ең маңызды тамақтану түрі – ол омырау сүті болып табылады.

Омырау сүті өсіп келе жатқан сәбидің ағзасына толығымен сай келеді және омырау сүтінің құрамы барынша теңгерімді болып табылады. Барлық пайдалы заттар жақсы ас қорыту үшін қолайлы түрде жинастырылған.  Ешқандай ең жақсы деген сүт қоспалары омырау сүтін алмастыра алмайды. Бала ағзасына қажетті майлар, ақуыз және көмірсулар құрамының оңтайлы жиынтығынан басқа омырау сүтінде ас қорытуға көмектесетін заттар (аутоферменттер) бар, әртүрлі ауруларға қарсылық көрсететін имунндық денелер және дәрумендер мен ферменттер бар.

Омыраумен емізудің маңызы:

  1. ішек ауруларына шалдығу қаупін азайтады, дисбактериоздың алдын алады;
  2. респираторлық вирустық ауруларға, отитке шалдығу қаупін төмендетеді;
  3. аллергиялық аурулардың туындау қаупін азайтады;
  4. бала ағзасының мықты болып дамуына ықпал етеді;
  5. баланың жүйке жүйесіне және психикалық денсаулығына оңды әсер етеді, омырау сүтін емген сәбилер сезім таныту және қозғалу жағынан анағұрлым белсенді болып келеді.

Омыраумен емізудің болашақта көрініс беретін маңызды салдары:

  1. жүйке жүйесі мен ой өрісінің дамуы, әлеуметтік бейімделуде анағұрлым белсенді болу;
  2. сәби көтеру және өмірге ұрпақ әкелу қабілетінің қалыпты болуы (әсіресе қыз балаларда бедеулік, құрсақ тастау қаупін төмендетеді);
  3. семіру, диабет ауруына шалдығу қаупін азайтады.

Омыраумен емізудің ана үшін маңызы:

  1. ерте және кеш туындайтын қан кетуді азайту;
  2. омырауда және құрсақ мүшелерінде ісіктің пайда болу қаупін төмендету;
  3. холестерин деңгейін қалыпқа келтіру, салмақты азайту, өт-тас және остеопороз ауруларының туындау қаупін азайту;
  4. қаржы мен уақытты үнемдеу;
  5. белсенді өмір сүру үшін баға жетпес қолайлылық (балаға арналған тамақ әрқашан өзімен бірге болады);
  6. 99%-ға дейінгі табиғи контрацепция.

Омырауда сүт түзілу кезінде сүттің көптеген биологиялық қасиеттері мен нутриенттері өзгереді. Босанудан кейінгі алғашқы жарты сағат ішінде әйел адамның сүт бездері уыз бөледі, уыздың құрамындағы заттар нәрестеге жасалған  алғашқы егу сияқты әсер етеді. Өйткені уыздың құрамында көптеген ферменттер, дәрумендер, антиденелер, иммуноглобулиндер, сонымен қатар майлар, ақуыздар мен көмірсулар бар. Ауыспалы сүт – 30 сағаттан 14 күнге дейінгі түзілетін сүт, 14 тәуліктен кейін мәресіне жеткен сүт бөлінеді. Омырау сүті бір қалыпты емес. Алдыңғы сүт сұйығырақ болады, алайда оның құрамында көп мөлшерде лактоза (қант) болады, ал ол нәрестенің жүйке жүйесінің жасушаларына қажет.  Артқы сүт алдыңғы сүтке қарағанда 4-5 есе қоюрақ болады және ол нәрестенің салмақ жинауына аса қажет болып табылады. Негізінде, нәресте алдыңғы және артқы сүтті бірінен кейін бірін қабылдауы үшін ол бір ғана омырауды емуі қажет. Сәбиге 6 айына дейін су беру қажет емес, өйткені омырау сүті 85-87% дейін судан тұрады.

Омырау сүтінің ерте түзілуі үшін нәрестені омыраумен босанғаннан кейін дереу емізе бастау керек, яғни босану бөлмесінде бала туғаннан кейін алғашқы 30-60 минут барысында емізу қажет.  Балаға омырауды дұрыс беру абзал – бұл баланың омырауды тиімді соруының, омырауға жара түспеуінің және қажетті сүт мөлшерінің бөлінуінің кепілі. Сәбиді режім бойынша емес, сұраған сайын емізу қажет, яғни бала қалаған кезде және қанша қаласа, сол көлемде емізу керек.  Жаңа туған сәбиді әрбір 2 сағат сайын, яғни тәулігіне 12 рет емізу қажет. Түнде омыраумен міндетті түрде емізу қажет, өйткені, сүтті түзетін пролактин гормоны 3-7 сағат аралығында бөлінеді. Бала омырауды емген сайын сол гормон анағұрлым жиірек бөлінеді.

Емізуден кейін омырауды әрбір 3 сағат сайын (одан көп емес)  сауу  қажет, бұл омыраудың қатып қалмауынан, лактостаз, маститтен қорғайды. Әр баланың омырау ему ұзақтығы әртүрлі болады. Кейбіреулері (белсенді емушілер) алғашқы 15-20 минут ішінде тояды, ал басқалары (жалқаулар) бір сағат немесе одан да ұзақ емуі мүмкін. Омырау емген кезде балаға емізік берудің қажеті шамалы. Емізік сору салдарынан бала омырауды емізікпен шатастыруы, омырауды дұрыс ембеуі мүмкін және анада бұл сүттің азаюын тудыруы мүмкін.  Медициналық көрсеткіштер бойынша (бала омырауды еме алмаса) онда балаға омырау сүтін зонд, шприц, пипетка арқылы немесе қасықпен беру тиіс. Баланы 4 айға дейін, негізінде, 6 айға дейін тек омырау сүтімен тамақтандырған жөн. 6 айдан кейін міндетті түрде қосымша тамақтандыру қажет болады, өйткені, бұл мерзімде омырау сүті баланың толыққанды тамақтануына жеткіліксіз болады. Омырауға дұрыс күтім жасау қажет. Емізер алдында біраз сүтті сығып шығарып, омырау ұшына және омырау айналасына жағу қажет. Ана сүті стафилококк, стрептококк, вирустар, саңырауқұлақтарды жойып,  омырау ұшы мен омырау айналасындағы теріні жұмсартады. Емізуден кейін де сол әрекеттерді жасап, омырауды 10-15 минут ашық ұстап, ауда құрғату қажет.

Омырау сүтінің түзілуіне келесі факторлар әсер етеді:

  1. Ананың психоэмоциялық жағдайы. Қандай да бір күйзеліс омырау сүтінің түзілуін азайтады немесе толығымен омырау сүтінің тоқтауына себеп болады.
  2. Тәулік бойы кем дегенде 7-8 сағат ұйықтау қажет.
  3. Құрамында ақуызы жеткілікті толыққанды тамақтану. Әйел адамның тағам рационында күн сайын ет, сүт өнімдері болуы тиіс.
  4. Түнде омыраумен емізу қажет.

Омырау сүтімен дұрыс емізу үшін арналған бірнеше негізгі ұсыныстар:

  1. Қандай да бір күйзеліске, жағымсыз көңіл-күйге, депрессияға, басқа психологиялық проблемаларға бой алдыруға мүлдем болмайды, өйткені олардың барлығы омырау сүтінің бөлінуін тежеп, басқа да көптеген ауруларға шалдықтыруы мүмкін.
  2. Жақсы және барынша кұнды түрде тамақтану қажет, өйткені, сіздің тамақтануыздың бір бөлігі, маңызды қорек заттардың жартысы сіздің сәбиіңізге қажет. Мұны әрқашан есте сақтау жөн.
  3. Дәрігерлерге жиі көрініп, олардың берген ұсыныстарын орындау қажет. Педиатрға, гинеколог дәрігерге және басқа маман дәрігерлерге жүгініп тұру – бұл ана мен баланың мықты денсаулығының кепілі.
  4. Сүйіспеншілк танытып, сүйікті болу қажет. Ана мен сәбидің арасында туындайтын сүйіспеншілік сезімі – бұл әр әйел адамның өміріндегі ең керемет өмір сәті.

Ана мен бала орталығының лактолог дәрігері Приходько Мария Ивановна

 

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған